Еске алу кеші
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші, актер, режиссер марқұм Ораз Кәкеевтің 80 жылдығына орай «Ой-хой, дүние дәурен-ай» атты облыстық театр фестивалінің ашылуы өтті. Фестивальге Семей қаласының студенттер театры, Аягөз ауданының халық театры,, «Поэзия» жастар театры, Ақсуат халық театрының әртістері қойылымдар қойды. Ол жиынға Зайсан өңірінде дүниеге келген «Зайсан ауданының құрметті азаматтары», Қазақ Радиосының ардагері Көкенай Камалиев, ақын, журналист Құмарбек Сыдықов бастаған өнер адамдары келді. Марқұм Ораз Кәкеевтің ұрпақтары әке жолын қуған әнші, лауреат, мәдениет саласының саңлағы Арыстанбек Кәкеев және Гүлжаз Кәкеевалар сөз сөйлеп, әкелерін ұмытпаған жұртшылыққа , ұжымына ризашылықтарын білдірді, артынан ас берілді.
Бұл күні Алматы қаласындағы «Елтаным» баспасынан жарық көрген «Зайсанды ән-күймен әлдилеген» атты кітаптың тұсаукесері болды. Кітап авторы әнші, актер Бауыржан Құмарбеков. Бұл кітапта осы өңірдегі ортамызда озған Ораз Кәкеев бастаған өмірлерін өнер, мәдениет саласына арнаған саңлақтар туралы естеліктер және қазіргі күні еңбектеніп жүрген көркемөнерпаздар туралы жазылған. Бұл кітап сыйға беріліп, архив қорын толықтырды.
Аудан әкімі Темірбек Жұмақұлұлы Қасымжанов алыстан келген қонақтарға шапан жауып «Алғыс хат» тапсырды.