Облыстық жыр-мүшәйрасы мен ақындар айтысы
Шығысымыздың шырайы, Өскемен қаласының Металлургтер мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық жыр-мүшәйрасы мен ақындар айтысы болып өтті.
Жыр бәйгесіне өңіріміздің белді ақындары: Серік Құсанбаев, Абаш Кәкенов, Серікхан Жақиянов, Аслан Ғафуров, Серік Молдабеков, т.б. ақындар қатысты. Халқымыздың төл өнері, сарқылмас асыл қазынадай ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан айтыс өнерін насихаттап, жас ұрпақ санасында ұлтжандылықты, дәстүрлі өнерімізге қызығушылықты ояту мақсатында өткізіліп отырған бұл шараға шөліркеп жүрген көрермен қауым да бір жасап қалды. Өткір ойларын жылы сөзбен өрнектей жеткізетін ақындарды саралап, Қазылар алқасы әділ шешім шығара отырып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық жыр-мүшәйра және ақындар айтысының жеңімпаздарын анықтады.
Жыр-мүшәйра бойынша жырдан гүлдесте тоқыған ақындардан: 1- орынды Дүргінбай Қызырбек, 2-орынды Жакина Гүлім, 3-орынды Бауыржан Игілік иемденді.
Ал дүбірлі айтыста Серік Құсанбаевтың қанжығасына бас жүлде бұйырып, 1-орын Аслан Ғафуровқа, 2-орын Нұржан Жолбарысқа, 3-орын Ардабек Ақбабаға еншіленді.