Абаш Какеновтың 60-жылдығы
2016 жылдың 6 желтоқсаны Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы металлургтер мәдениет сарайында Мәдениет қайраткері, ҚР Жастар Одағы сыйлығының иегері, Абай атындағы сыйлықтың иегері, Шығыс Қазақстан облысының әкімі сыйлығының лауреаты, Тарбағатай ауданының төл тумасы, Құрметті азаматы, ақын, әнші, термеші Абаш Какеновтың 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздікке тәу еттім» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Зал толы көрермен, алдыңғы қатарда отырған арнайы шақырылған кеш қонақтарының арасында ел ағалары, облысымыздың құрметті азаматтары, әріптестері, шәкірттері, достары, БАҚ өкілдері, т.б. болды.
Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты директоры Түсіпбеков Түсіпхан Түсіпбекұлы, журналист Қаңтарбаев Әлібек Уалиханұлы, Облыстық Мәдениет басқамасының өкілі Қасенов Саят Берікболұлы құттықтауларын жеткізіп, мерейтой иесінің қуанышына тілектестіктерін білдірді.
Облыстық Мәдениет басқармасы атынан арнайы диплом мен сыйлық табыс етілді. Достары атынан жеңіл автокөлік сыйға тартылды. Ыстық ықылас пен көрермен қошеметіне бөленген ақын, әнші Абаш Какенов та ерекше шабыттанып көрермен қауыммен әндерінен папурри орындады. Кеште Есмұрат Қыдырмолданов, Гуля Қасенова, Майра Қаламқызы, Қанат Ниязбек, Нұртай Тілеужан, Аслан Ғафуров, Гүлнұр Зұлқаршын, Құралай Камалиева, Толқын Сарсенбина, Мубарак Алтай, Ерлік Кирдасинов, Қадықан Манайұлы өнерлерімен көпшілікті тәнті етті. Кеш соңында келген қонақтары ерекше көңіл-күймен қимай тарасып жатты.