4- маусым Ұлттық Рәміздер күні
Мерекені Шығыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік мұрағаты да өз дәрежесінде атап өтті.
Ұжымды мұрағат әкімшілігі атынан құттықтаған мұрағат директоры Түсіпбеков Түсіпхан Түсіпбекұлы: Мемлекеттік рәміздер - тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы. Осы орайда Елбасымыздың мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қаншалықты мән бергендігі баршамызға белгілі. Мұндағы мақсаты - көтерген туы мен елтаңбасының, ақжолтайына айналар әнұранның түрі, табиғаты жағынан төлтума, ал мазмұны жөнінен осы заманғы өркениетті мемлекет идеясына үндес рәміздер болып шығуы еді. 1992 жылдың 4 маусым күні - ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күні тағы да елдігіміз сынға түсті. Ертеңіміз үшін жан беріп, жан алысқан парламенттік дода қызу талқыға айналды. Нәтижесінде қабылданған қыран бейнелі көкшулан туымыз (авторы - Шәкен Ниязбеков), басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз (авторлары - Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан), әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты. Олар тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілерге айналды.
Міне, сол жұлдызды күндерден бері 4 маусым - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде тарихымыздың алтын беттерінен орын алды,- дей келе ұжымның әр мүшесі әнұранды ерекше сезіммен, мақтанышпен жатқа айтуын өтінді.Әнұраннан кейін директордың орынбасары Костина Е.В. мерекемен ұжымды құттықтады. Соңында ұжым мүшелері өзара құттықтасып жатты.