Қай сайттың бөлімі сізге ерекше қызықты?

Ғылыми-әдістемелік базасы
Жеке қорлар
Құжаттар жинағы
Көсем сөз
Өлке тарихы
Мәліметтер базасы
Фотогалереясы
Архив опросов

Көкей Сақабаев

Инженер-конструктор, жазушы-журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Көкей Сақабаев 1930 жылдың 1-қыркүйегінде бұрынғы Самар ауданының Көкжыра ауылында дүниеге келген. Ол Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатты 1949 жылы тәмамдап, сол жылы Ленинградтағы тау-кен институтына оқуға түседі. Аталмыш институттың екінші курсынан соң, отбасына жағдайына байланысты, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына ауысып келеді. Институттан кейінгі еңбек жолын Жезқазған кен басқармасында ауысым бастығы болып бастаған жас инженер өндірістің үлкен мектебінен өтті. Болашақ жазушының еңбек және өмір жолы кейіннен бұрынғы Лениногор, қазіргі Риддер қаласымен тығыз байланыста болды. Ол ұзақ жыл Лениногор полиметалл комбинатының конструкторлық бөлімінде қатардағы инженер-конструктордан сектор бастығына дейінгі қызмет сатысынан өтті.
Көкей Сақабаев осы қызметте жүріп, қаламгерлік қабілетін да таныта білді. Оның кеншілер, металлургтер, инженер-техникалық қызметкерлер өмірінен жазған очерктері мен әңгімелері газет беттерінде үзілмей басылып тұрды. Мамандығы кен инженері болса да, өзінің табиғи дарыны арқасында, оқушы қауымды тез баурап әкетті. Оның жазғандарын жас журналисттер де қызыға оқып, жазу мәнерін үйренуге талпынатын. Оның қаламы облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне қызметке келгеннен кейін шыңдалған үстінен шыңдала түсті. Редакцияның өнеркәсіп және көлік бөлімін басқара жүріп, журналистиканың сан түрлі жанрларын жете меңгерді, журналистік қарымын да таныта білді. Көкей Сақабаев редакцияда 1984 жылға дейін жемісті еңбек етіп, одан кейін өзінің сүйікті мамандығына қайта оралды. Өскемендегі «Казгипроцветмет» мемлекеттік жобалау институтында жобаның бас инженері болып қызмет етті. 1990 жылы осы мекемеден зейнеткерлікке шықты.
Көкей Сақабаевтың құжаттарын жұбайы Бану Сейтқамқызы 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатына өткізді. 2000 жылы құжаттарға ғылыми-техникалық өңдеу жасалып, осының нәтижесінде №214 қор, №1 тізімдеме пайда болды. Жазушы артында өшпес із қалдырды. Көкей Сақабаевтың жеке қорында тарихшылар мен әдебиетшілер, жалпы оқырман қауым іздейтін жазушының өмірі, қызметі, шығармашылығы жайлы мағлұматтар бар. Көкей Сақабаевтың романдары мен повестері, әңгімелері, оерктері, мақалалары және тағы басқа құжаттары зерттеушілерді қызықтырары сөзсіз. 
Көкей Сақабаев туралы құжаттар, шығармалары және тағы басқа құжаттарды тапсырушылар болса, Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты қабылдап алуға дайын.

Манапова Анар Манаповна,                     
ШҚО мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы

 
070004, ҚР, ШҚО Өскемен қаласы, Головков көшесі, 26/1
Сайт әкімгері: Бекниязқызы Жангуль. Copyright © 2010-2024
Рейтинг@Mail.ru