Желтоқсанның ызғарлы желі
Бірнеше онжылдықты көз алдымыздан өткізе отырып, сол бір қуанышты да қайғылы кезеңді еске аламыз.
Өткен күннің күнделігінен өмірдің бір бөлігі қазіргі уақытта адамзатқа бір үзім естелік болып қалды. Ол – желтоқсан оқиғасы. Тарихты – қайта көшіру мүмкін емес.
1985 жылғы сәуiр айында Кеңестер Одағы Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң пленумы болды. Онда Орталық партия Комитетiнiң Бас хатшысы М. С. Горбачев баяндама жасап, қоғамды демократиялық бағытта қайта құру жөнiнде шешiм қабылданды. Бiрақ бұл шешiм тек сөз жүзiнде қалды. Iс жүзiнде ол кеңес қоғамын ыдыратуды тездеттi. Оны Қазақстанның партия, Кеңес органдары қызметiнен байқауға болады.
Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты тоқырау жылдарында басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды.
Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті құрамында сапалық өзгерістер аз болды. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы XVI съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә. Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып бердi.
1986 жылғы Алматыдағы 17-18 желтоқсан оқиғасы.
Кеңес өкіметі жылдарында республиканың бірде-бір өкілін коммунистер мен халық сайлаған жоқ, оларды орталық тағайындап, іс-қимылын өздері бақылап отырды. Ақыры Қазақстанда шексіз билікке ие болған және орталық мүддесін қорғайтын Г.Колбиннің кезегі келгенде халықтың шыдамы түгесілгендей еді. Наразылық бұрқ ете түсіп, бітеу жараның аузы ашылды да кетті.
1985 жылы республика бойынша ауылдан келген студенттердің төрттен үші ғана жатақханамен қамтамасыз етілді. Әсіресе, Алматыдағы жағдай мәз емес еді.
1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызында бүкiл елдi дүр сiлкiндiрген ғаламат көтеріліс болды. Совет өкiметi тұсында бұрын-соңды кездеспеген құбылыс Алматыда демонстрация "Брежнев алаңында қаптаған жұрт”, "Көшелерде сап түзеп бара жатқан жастар” деген лебiздер ескен желдей гулеп тарап жатты.
«Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі 300-ден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастаған көтеріліс – Желтоқсан көтерілісі», - деді ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов. Демек бұл әншейін ауыз толтырып айтуға қана жарайтын оқиға емес, бұл шын мәніндегі елді, бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен көтеріліс екендігінде дау болмаса керек.
Қазіргі таңда 16-17 желтоқсанды тәуелсіздік мейрамы етіп жариялады. Сондықтан 16 желтоқсанның қасыретті күн екендігін жадымызда сақтап әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуіміз қажет. Бұл күні қара жамылып отыру орынсыз. Сол себепті де әрі арманға қол жеткізген күн деп шаттық ретінде атап өтіп, екінші жағынан Желтоқсан құрбандарына да тағзым ете жүруіміз керек.
Біздің арымыз да, намысымыз да, мақтанышымыз да – Желтоқсан.
Көптеген тарихи құжаттар, күнделіктер, естеліктер біздің Жарма аудандық мұрағатта сақтаулы. Мұрағат қызметшілері көрме ұйымдастырып, кездесулер, семинар, саяхат – сабақ сияқты түрлі шаралар өткізіп отырады. Мұрағат қызметшілері көрме ұйымдастырып, кездесулер, семинар, саяхат-сабақ сияқты түрлі шаралар өткізіп отырады.
К.Мухамеджанова, «Мемлекеттік
мұрағат» КММ-нің Жарма
филиалының мұрағатшысы
Аудандық «Қалба тынысы» газетінің
2015 жылдың 17 қарашасындағы
99 нөмірінде жарияланды