Мұрағатта сақталар құнды мұра
Барлық адамзат баласы үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны ерекше, сан мыңдаған жауынгерлер ерлік пен батырлықтың баға жетпес үлгісін көрсетіп, орасан зор жігері мен қайтпас қажыр-қайраты, төгілген қаны арқылы Ұлы жеңіске қол жеткізді. Осынау қанды қырғын шайқаста жаумен айқасқып, ажал құшқан ағаларымыз бен апаларымыздың рухы алдында мәңгілік қарыздармыз.
Осы орайда, Жарма ауданының мұрағатында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің біріктірілген мұрағаттық қорында Жарма ауданы бойынша 27 ардагердің, бұрынғы Шар ауданы бойынша 9 ардагердің мұрағатқа тапсырған жеке тектік құжаттары мемлекеттік сақталуда тұрғаны үшін олардың ұрпақтарына ризашылығымызды білдіреміз.
Сол жинақталған қордың ішінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Садуев Мауленнің жеке тектік құжаттары құрайды, 1926 жылы 29 қыркүйекте бұрынғы Семей облысы Жарма ауданы Мариновка ауылдық кеңесіне қарасты «Шығыс» ауылында дүниеге келген. Әкесі- Саду мен анасы Нұржамалдың тұңғыш ұлдары, Сынтас бастауыш орта мектебінің 7 сыныбын аяқтап, еңбек жолын әке-шешесінің шаруашылығына көмектесуден бастайды.
Ұлы Отан соғысы жылдары аудандық әскери коммисариаттан шақыру алып, 1944 жылы майданға аттанады. Сұрапыл соғыс кезінің кескілескен шайқасында 18 жасар Мәулен 1945 жылдың 9 мамыр-Жеңіс күніне дейін 457 атқыштар полкінің құрамында 1- Беларусс майданында сол аймақты жаудан азат етуге қатысқан.
Мұрағатқа табыс етілген құжаттағы мәліметтерге сүйене отырып, Мәулен Садуев соғыс аяқталғаннан кейін 1945-1950 жылдары әскери қызметін 71 аттылар депосында, 68 атқыштар полкінде, 39 танк полкінде, Ішкі істер Министрлігінің 63 әскери базасында жалғастырғанын, сол кездегі КСРО Министрлер Кеңесінің 1950 жылғы 28 қаңтардағы қаулысы негізінде, 1950 жылдың 13 наурызында әскер қатарынан босатылғаннан соң, елге оралып бейбіт өмірдегі еңбекке белсене араласқаны баяндалады.
Соғыстан кейінгі еңбек жолын 1951 жылы сол кездегі «Сталин» атындағы колхозда бастаған ол, 1952 жылы Балажал руднигінің тумасы Қайникамал Нұржанқызымен отау құрып, 1961 жылға дейін осы колхозда әртүрлі жұмыстарда абыройлы еңбек етті. Еңбек жолында есепші, пошта тасушы, Жаңғызтөбе шекарашылар базасында оператор, байланыс бөлімінде фельдъегер сынды түрлі жұмыстарды атқарғаны айтылады.
Қандай салада қызмет етсе де анасы Нұржамалдан дарыған еңбекқорлығымен, табандылығымен көзге түскен Мәулен жұмыстағы озат көрсеткіштері және ұзақ жылғы адал еңбегі үшін аудандық, облыстық байланыс бөлімі басшылығының тарапынан бірнеше мәрте алғыс хатпен, бағалы сыйлақтарға ие болып, 1986 жылы 25 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы атынан бұрынғы Семей облыстық халық депутаттары Кеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен , Жеңіс күніне арналған әр жылғы даталы марапаттармен, сондай-ақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалі және Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президентінің «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушыларға» арналған мерекелік ашық хаты және бағалы сыйлықпен марапатталған.
Жұбайы Қайникамал екеуі 5 бала тәрбиелеп өсіріп, 7 немересінің қызығы мен қуанышына ортақтасып, отбасы мен елдің амандығын тілеп өмір сүрді. Соғыста да, бейбіт өмірде де өзінің азаматтық борышын абыроймен атқарған Ұлы Отан соғысының ардагері Садуев Мәулен 1997 жылы 15 ақпанда дүние салды.
Тарихта өзіндік орны бар оқиғалар жайындағы мағлұматтар мен деректер мұрағатта сақталуы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын ескерсек, адамзатты тарихпен байланыстыратын бұл орында орын, ардагерлеріміздің ерлік пен елдікке толы өмірі жайындағы құжаттар мұрағат төрінен орын алуы керек.
Алдағы уақытта да бұл шара жалғасын табады деп ойлаймыз. Әрине, кімге болса да әке-аталарының қандай болса да құжаттары жүректеріне жақын, көздеріне ыстық. Дегенмен де, өмірдің әртүрлі оқиғаларына байланысты ол адамдар туралы құжаттар жоғалып кетуі де мүмкін. Ал мұрағатқа сақталуға тапсырылған құжаттар мұнда тұрақты түрде өмір бойы сақталады. Осы құжаттар негізінде мұрағат қызметкерлері ардагерлеріміздің ерліктері туралы мектеп оқушыларына ашық сынып сағаттары мен экскурсиялар өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылады, баспасөз басылымдарында мақалалар, «ШҚО мұрағат қызметі» сайтында деректер жарияланады. Бейбіт заманымыздың кепілі болған ол кісілердің елі үшін жасаған ерліктерін болашақ ұрпақ білуі үшін құжаттары мұрағат төрінен орын алса, жылдар өте олардың ұрпақтары осы құжаттар негізінде кітап шығарып, ғылыми еңбектер де жазатын болар.
Бүгінде, мұрағатта Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай әртүрлі шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, И.Я. Нестеренко , Б. Нугуспанов, Я.В. Дегтярев , И. П. Задонский , Т. Куспеков , Т. Алимбаев , А. Мустафин ,А. Жумагулов , Т. Есенов, Н.И. Чуркин , И. Калмаков, З. Магзумбаев сынды ардагерлеріміздің мұрағатта сақтаудағы жеке тектік құжаттары негізінде «Пусть знают и помнят потомки» атты көрме ұйымдастырылып, Ұлы Отан соғысы ардагерлері туралы аудандық газетте мақалалар жарияланып тұрады.
Бұл мақала ҰОС ардагері Садуев Мәуленнің мұрағатта мемлекеттік сақталуда тұрған жеке тектік құжаттары негізінде әзірленді.
Құжаттарды мұрағатқа тапсырған ұлы Садуев Асылбек Мәуленұлына алғысымызды білдіреміз.
А.Советханқызы,
Жарма ауданы мұрағатының мұрағатшысы
«Қалба тынысы» аудандық газетінің 2015 жылдың 7 мамыр күнгі №35-36 жарияланды