Жеке қорлар мәдени мұраны зерттеу көздері ретінде
«Әр ғылымның өз дерек көздері бар және осы дерек көздері өзі баяндайтын саланың жағдайы мен дамуына, өзіне дерек көзі болып табылатын салаға назар аударады. Н.Г. Чернышевский былай деп атап өткен еді: «... кез келген теориялық ғылым деректің мүмкіндігінше толық және дәл зерттелуіне негізделеді». (1)
Ерте заманнан бері адамзат тарихи естеліктерді сақтауға тырысқан. «Құжатсыз тарих жоқ, тарихсыз мемлекет жоқ, ұлт жоқ» екені бәрімізге мәлім. Мемлекеттік мұрағаттар жалпыұлттық ауқымда бағасыз тарихи-мәдени мұраны жинауға және сақтауға жауап береді. Жеке бас текті құжаттар Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорының құрамдас және бөлінбес бөлшегі болып табылады, олар тарихи дерек көздерінің маңызды топтарының бірі болып келеді және халықтың тарихи-мәдени мұрасының біртұтас бөлшегі болып табылады, жеке бас текті құжаттар жеке тұлғаның көзқарасы тұрғысынан алып қарағандағы бірегей шолулық ақпаратты жеткізуші қызметін атқарады. Олардың әсіресе әдебиет, ғылым, өнер тарихын зерделеуде маңызы өте зор, яғни адам әрекеті мен тарихи үрдістің алдыңғы қатарда жеке шығармашылық орын алатын саласында жеке бас текті құжаттар маңызы өлшеусіз. Тағы бір жағынан қарасақ, жеке бас текті құжаттардың айырықшалығы олардың әр түрлілігі мен мазмұнының алуан қырлылығында.
Жеке бас текті құжаттар жинақтау бойынша жұмыстың бастамасын республикада ең алғашқылардың бірі болып тарихтың барлық қырларын тек ресми және жеке бас текті құжаттар жиынтығы арқылы түсінуге болатынын ұққан Черных Станислав Евгеньевич салған болатын. Туған өлкенің талмас зерттеушісі еліміздің мұрағаттарында, мұражайларында, кітапханаларында жұмыс істей, құжаттарды жинақтай отырып, әйгілі тарихшылар және жазушылармен, олардың туыстарымен кеңінен хат алмасты, сонымен қатар, көптеген оқиғаны көзімен көрген адамдармен кездесті.
Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатында 60-тан астам жеке бас текті қор бар. 1961 жылы 7 сақтау бірлігінен тұратын небәрі 3 жеке бас текті қор болған. Осы уақытта облыс мемлекеттік мұрағатының жеке қорларында С.Е. Черныхтың өзі тапқан, өңдеген белгілі жазушы жерлестеріміз Пермитин Ефим Николаевичтің, Волков Александр Мелентьевичтің, Кузнецов Павел Николаевичтің, біртума ғалым, орыстың жеке аттарын жинақтаушы, «Орыстың жеке аттар сөздігі» бірегей сөздігінің құрастырушысы Петровский Никандр Александровичтің өмірбаяндық, шығармашылық, бейнелеу құжаттары бар. Олардың әрқайсысымен Черных таныс болған, хат жазысқан.
Белгілі өлкетанушылар Панкратьевтер, ағайынды Белослюдовтар, священник, әйгілі ғалым, талмас зерттеуші және біздің өлкеміздің жылнамашысы Борис Григорьевич Герасимовтың қорларының тарихи және ғылыми құндылығы орасан зор.
С.Е. Черныхтың өзінің құжаттары жабдықтау көзі болды. Оның қоры 1000 астам істен тұрады, онда кітаптар, очерктер, кітапшалар, қолжазбалар, жеке құжаттар, көптеген хаттар, Шығыс Қазақстанның тарихы бойынша құжаттар, С.А. Аманжоловтың, П.П. Бажовтың, О. Бөкеевтің, К. Қайсеновтың, М.И. Чистяковтың, Е.П. Михаэлистің және көптеген Шығыс Қазақстанның танымал тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы туралы құжаттар жинақталған. (2)
Оның қоры, оның кітаптары – тірнектеп жинақтаудың және зерттеу жұмыстарының, көптеген кездесулер және адамдармен әңгімелесудің, әдебиеттер мен мұрағат деректерін зерделеудің нәтижесі. Оған есімдерін ұрпақтары елеусіз ұмыт қалдырған өз жерлестері туралы материалдарды тірнектеп жинау тән еді. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды, С.Е. Черныхтың қажымас қайратының арқасында нақақтан зардап шеккен ақын Павел Васильевтің, орыс жазушысы Георгий Гребенщиковтың, ғалым, Шығыс Қазақстанды зерттеуші Борис Герасимовтың есімдерін біздің замандастарымыз таныды және олардың құжаттық байлықтарын толық мәнінде пайдалана алатын болды.
Павел Николаевич Васильев – дарынды ақын, біздің жерлесіміз, Зайсан қаласының тумасы. Оны Есенин, Маяковский, Клюевтермен бір қатарға қойған, оның талантын Ресейдің алдыңғы қатарлы даналары бағалаған. Алайда, жала, арнадату, саяси сенбеушілік өзінің қара ісін істеп тынды. Васильевке шығармашылығы кеңес құрылысына жат «кулак ақыны» деген айдар тақты. Ақынға «халық әкесінің» өзіне қарсы контрреволюциялық қастандыққа қатысты деген жала жапты. 1937 жылдың 15 шілдесінде «үштік» шешімінің негізінде атуға үкім шығарды. Ақынның отбасын да аямады: әкесі, ағасы Виктор, әйелі ондаған жылдар лагерьлер мен жер аударылуда болды. Тек 1988 жылы ғана КСРО МҚК (КНБ) ақынның қаза тапқан күнін хабарлады – ол күн 1937 жылдың 16 шілдесі. Ұзақ уақыттар бойы ақын Павел Васильевтің аты мен шығармашалары оқырмандарға белгісіз болды, оның көптеген өлеңдері жазылғаннан кейін 50 жылдан соң жарық көрді. С.Е. Черных ақынның өмірбаянын зерттеуге, оның белгісіз шығармалары мен жеке құжаттарын іздестіруге көп күші мен қуатын жұмсады.
Станислав Евгеньевич көптеген хаттар жазысты, ел ішінде көп жер аралады, ақынды білетін адамдардың естеліктерін жинады. Нәтижесінде оның қорында П. Васильевтің жесірі Елена Вялованың, қызы Наталья Фурманның, ағасы Виктор Васильевтің, Ярослав Смеляковтың, Ефим Пермитиннің, Наталья Кончаловскаяның, Лев Озеровтың, Варлам Шаламовтың, Евгений Туманскийдің және т.б, көптеген адамдардың естеліктері жеке тізімдемеге жинақталды. Бұл жұмыстардың нәтижесі бірден өмірбаяндық сирек кездесетін шығармаға айналған, 1989 жылы жарыққа шыққан «Павел Васильев туралы естеліктер» жинағы болды. (3)
“С. Черных 30 жыл бойы жинаған Павел Васильевичтің мұрағаты көлемі бойынша бүкіл ғылыми-зерттеу ұжымының жұмысына тең, және бұл мұрағат ғылыми және рухани ерлік болып табылады, - десек артық емес”. (4) С. Черныхтың еңбегіне бұндай бағаны филология ғылымдарының кандидаты, Павел Васильев туралы фильм авторларының бірі, Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатына мемлекеттік сақтауға фильмнің өзін және фильмге толығымен кірмеген жұмысшы материалдарды өткізген П.Д. Поминов берген болатын, аталған материалдар ішінде С. Поделковпен, А. Михалков-Кончаловскиймен және т.б. сұхбаттар бар.
Бұл С.Е. Черныхтың бір ғана ғылыми және ізденіс еңбегі емес. Ол өзінің талантты жерлестері туралы мәліметтерді іздеуге жан-тәнімен құмар еді, олардың болашағының зорлығын тани білген еді.
Шығыс Қазақстан мемлекеттік мұрағатының мұрағатшылары көптеген жылдар бойы Г.Д. Гребенщиков туралы құжаттарды жинады. Жиналған құжаттарды Жеке бас текті құжаттар коллекциясына енгізу туралы шешім қабылданды. Жазушының негізгі мұрағатының АҚШ-да (90-шы жылдары Нью-Йорктегі Н. Рерихтің мұражайының көмегімен оның бір бөлігі Барнаул қаласындағы Алтайдың мәдениет, әдебиет және өнер мұражайына берілді) сақталуына байланысты біз үшін кез келген жазушының кез келген басылып шыққан шығармасы мен ол туралы құжаттар маңызды болып табылады.
Облыстың мемлекеттік мұрағатында жергілікті белгілі өлкетанушылар ағайынды Белослюдовтардың, Панкратьевтің қорларында Шығыс Қазқастанның тумасы, танымал орыс жазушысы Георгий Дмитриевич Гребенщиковтың хаттарының түпнұсқасы сақталуда. Кеңес заманында оның есімі мен шығармалары Отанында әйгілілігімен танымал болған жоқ. Себебі түсінікті: 1920 жылы жазушы Францияға, кейіннен АҚШ-на эмиграция жасаған. 1964 жылы қайтыс болған және Лейкландта (Флорида штаты) жерленген. Облысымыздың мемлекеттік мұрағатында сақтаулы Георгий Дмитриевичтің түпнұсқа құжаттары нағыз байлықтың өзі болып табылады. Бұл жерде А.Н. Белослюдовтың өзі туралы айта кеткен жөн.
Алексей Николаевич Белослюдов 1887 жылы Семей қаласында туған, өз бетінше білім алумен айналыса отырып, бастауыш мектеп мұғалімі атағына экстернмен емтихан тапсырды, өлкетану мұражайының тарихи-археологиялық бөлімін басқарды, бүкіл өмір бойы өлкетанумен айналысты. Сөйтіп, 1910 жылы Ресей Ғылым академиясының археология бөлімінің меңгерушісі В.И. Каменский басқарған Өскемен қаласының маңындағы археологиялық экспедицияға қатысты. 1913-1914 жылдары Өскемен және Зайсан уездері бойынша экспедиция жасады, онда этнографиялық және археологиялық материалдар жинаумен айналысты. 1917 жылы Балқаш көліне жасалған экспедицияға қатысты, 20-шы жылдары қазақ даласына, Риддер және Зайсан, т.б. аудандарға экспедицияларға қатысты. Көп жылғы еңбектерінің нәтижесінде ағайынды Белослюдовтар олардың аттарына ие болған мұрайжай ашты, бұл мұражайда геология, минералогия, палеонтология және антропология, ежелгі заман археологиясы, нумизматика, этнография бөлімдері болды. Бұдан өзге, мұражайда суретші Виктор Николаевич Белослюдовтың картина галереясы болды. Жиыны мұражайда 4000-нан астам заттар сақталды. А.Н. Белослюдов халық фольклорымен айналысты, ол 200-ден астам қазақ және орыс ертегілерін, 97 жұмбақ пен 100-ден астам ән жинады. “Жизнь Алтай” және “Сибирьская жизнь” газеттерімен белсенді ынтымақтастық жасаған.
А.Н. Белослюдов 1939 жылдың қазан айында қайтыс болды, мұрағатының үлкен бөлігі Қазақ ССР Академиясының кітапханасы мен Антропология және этнография мұражайына, Семей тарихи-өлкетану мұражайына берілді. 1985 жылы А.Н. Белослюдовтың құжаттарының бір бөлігін оның қызы Ольга Алексеевна Борисовская облыс мемлекеттік мұрағатына берді.
Қорда көптеген бағалы, шын мәнінде бірегей құжаттар бар. Олардың қатарына Георгий Дмитриевич Гребенщиковтың 1909-1916, 1927 жылдардағы хаттары, 1927 жылғы 15 маусымдағы хатынан өзге қолжазбалары (17 хат) бар. (5) Г.Д. Гребенщиковтың Алексей Николаевичке жазған хаты олардың арасындағы мықты да ұзақ уақытқа созылған достықты білдіреді. Г.Д. Гребенщиков Белослюдовпен өзінің ойлары, жетістіктері туралы бөліседі, оның шығармашылық бастамаларын қолдап, сынайды, көмектеседі.
Хаттарының бірі жас әйелдің фотосуреті бар открытканың сырт жағына жазылған, О.А. Борисовскаяның сөзі бойынша – ол жазушының бірінші әйелі – Людмила Николаевна. Фотосуреттің астында “Над белым озером близь с. Колыванского. Лето 1913 г.” (Ақ көлде Колыванский селосының жанында. Жаз 1913 жыл) деген жазба бар.
1921 жылғы 21 желтоқсандағы хаты 2 жас әйел фотосуреті бейнеленген откырткаға жазылған. Фотосуреттің астында: “одна из них – твоя добрая знакомая. Другая девица дер. “Фыкалка” (бұлардың біреуі - сенің танысың. Енді бір қыз “Фыкалка” деревнясынан) деген жазба бар. О.А. Борисовская облыс мемлекеттік мұрағатына құжатты бергенде бұл әйелдердің сол жағындағысы Гребенщиковтың әйелі – Людмила Николаевна, деген еді.
1927 жылғы 15 маусымдағы хат (Чураевка, АҚШ) “Mills” су белгісі бейнеленген қағазға машинкамен басылған. Парақтың жоғары жағында ортасында Чураевканың белгісі бейнеленген. Астында: Чураевка. Churaevka. Southburu, Conn USA деген жазба бар. О.А. Борисовскаяның айтуынша хатпен бірге Гребенщиковтың және ғимарат бейнесінің 3 фотосуреті келген екен.
Артельдің (бірақ ол құрылмай қалды) қажеттері үшін Г.Д. Гребенщиковтың әйелі Өскемен қалалық басқармасынан 1908 жылы 1909-1910 жылдарға жерді жалға алған. Бұл жерді ол сенімхат арқылы А.Н. Белослюдовқа берді. Людмила Николаевна Гребенщикованың өзі жалға алған Өскемен қаласы маңындағы жер телімін уақытша пайдалануға ауыл шаруашылық артелін ұйымдастыру үшін А.Н. Белослюдовқа бергені туралы құжаттар бар. Алтай ауыл шаруашылық жұмысшы артелі Жарғысының жобасын Г.Д. Гребенщиков жасаған. Артель құрылтайшысы “Томск губерниясының шаруасы Георгий Дмитриевич Гребенщиков” болды. (6)
Белослюдовтар отбасына жақын адамдардың түпнұсқа фотосуреттері аса құнды болып келеді: Г.Д. Гребенщиков Чураевкада 1925 жылы жазушы салған күркеде және екі фотосурет – Г.Д. Гребенщиков Чураевкадағы жаңа үйге арналған жер телімін тазалауда, 1927 ж. (7)
Дмитрий Гордеевич Панкратьевтің, әйгілі бағбанның, ара өсірушінің, өлкетанушының есімі тек шығысқазақстандықтарға ғана емес, сонымен қатар Кенді Алтайдың шегіне тыс жерлерде де белгілі. Оның 1884-1970 жылдар кезеңіндегі құжаттары Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының сақтауында. Панкратьевтің көптеген хат алмасушыларының арасында Дмитрий Георгиевич Гребенщиковтың аты да бар. Гребенщиковтың Панкратьевке жазған хаттарының уақыты 1910-1912 жылдар, бұл жылдары жазушы Барнаула және Томскіде тұрған және газет редакторлығымен айналысқан. (8)
Дмитрий Гордеевич өз естеліктерінде ол жылдары “материалдық жағынан қиынырақ болды, бал аралары аз өнім берді, ал жидек өсіру алаңы мен бақты кеңейтуге көп еңбек шығыны қажет болды, жұмысшы жалдай алмадым, шаруашылыққа, егіс пен малға аз көңіл бөлдім, 11-ші жылы егістен мүлде бас тарттым...” деп жазған болатын. Гребенщиковтың хаты Дмитрий Гордеевичтің өмірдің ауырпалығына, бұршақ соққан егіннің түсімсіздігіне, ауыр науқасқа шағымданған хатына жауапқа ұқсайды. Гребенщиков оптимизмге толы еді, ол Панкратьевтің бастамашылдық әрекетіне бас иіп, оның жетістігіне сенім білдірген. Расында да, Д.Г. Панкратьевтің атын ұрпағы ұмыт қалдырған жоқ, оның есімі өсірген бақтары мен Өскемен қаласының саябақтарында өмір сүруде.
Ұзақ уақыт бойы Шығыс Қазақстан мұрағатшылары Өскемен қаласының тумасы, священник, ғалым, біздің өлкеміздің зерттеушісі және жылнамашысы, Орыс императоры географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің негізін қалаушылардың бірі, 1937 жылы саяси қуғынға ұшырыған Борис Георгиевич Герасимовтың жеке мұрағатын іздестірді.
Оның есімі мен еңбектері көп жылдар бойы ұмыт қалып келді, 1973 жылы С.Е. Черных Борис Георгиевичтің қыздарының – Мария мен Ольганың мекен-жайын анықтады, олар әкесінің сақталып қалған құжаттарын облыс мемлекеттік мұрағатына сақтауға берді. Станислав Евгеньевич ол туралы көп жазды, өзінің басылмай қалған “Летописцы” (Жылнамашылар) кітабында Герасимов есімі басты орынға ие болды . (9) Ол өз заманының білімді адамы еді, латын, грек, неміс, француз, қазақ тілдерін жетік білген, ағылшын тілінде оқыған. Шығыс Қазақстанды түгел аралаған, Зайсан, Змейногорск, Өскемен, Семей уездерінде археологиялық қазбалар жасап, этнографиялық жинақтар жинаған, тарихи-статистикалық зерттеулер жүргізген. Семей губерниялық халыққа білім беру бөлімінің құжаттарында оның 1923 жылғы 9 маусымдағы № 263 карточкасы бар. “Мамандығы мен кәсібі” бағанасында Герасимов “Педагог. История киргизского народа” (Педагог. Қырғыз халқының тарихы), әлеуметтік жағдайы графасында: “Священник” деп көрсеткен. “Сіздің пайдаланылуыңыз қалаулы ағарту саласы” бағанасына “Семей өңірінің тарихы, географиясы және этнографиясы” деп жауап берген.
Герасимов туған өлкесінің патроиоты, қайырымды да ашық көңілді адам еді. Ол өзінің қызына: “Менде жинаған қор да, үй де, мүлік те болған емес, мен зиялы қайыршымын, бірақ менің жақсы атым сақталып қалды. Мен үшін ол қымбат, мен оны ешкімге бермеймін. Адамдарға мен жамандық жасаған емеспін, себебі мен оларды жақсы көремін. Адам мен үшін киелі” деп жазған. (11)
Б. Герасимов қазақ халқының тарихын зерттеген, тіпті ол “История казахского народа” (Қазақ халқының тарихын) жазған болатын, өкінішке орай ол жарияланбады, ал қолжазба қорда тек ішінара ғана сақталған. (12) Герасимовтың ғылыми еңбектерінің жинағы үлкен бағаға ие, оны автордың өзі 1903-1918 жылдардағы Орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесіндегі жұмыстарынан құрастырған. Оған аса маңызды: “Ссыльные поляки Семипалатинской области” (Семей облысының жер аударылған поляктары), “В долине Бухтармы” (Бұқтырма жазығында), “Сказки, собранные в предгорьях Западного Алтая” (Батыс Алтай тау етегінен жиналған ертегілер), “Заметки о пчеловодстве восточной части Семипалатинской области” (Семей облысының шығыс бөлігіндегі ара өсіру туралы жазбалар), “Поезки на Рахмановские источники” (Рахман бұлақтарына сапарлар), “Брачные документы Ф.М. Достаевского” (Ф.М. Достаевскийдің неке құжаттары), “К вопросу о рациональном пчеловодстве на Алтае” (Алтайдағы тиімді ара өсіру сұрақтарына), “Первые оседлые засельщики Кокпектинского округа” (Көкпекті аймағының алғашқы отырақшы тұрғындары), “Старинные церкови Семипалатинской области” (Семей облысының ескі шіркеулері), Г.Н. Потанин, В.В. Сапожников, Е.П. Михаэлис, М.С. Сухотерин, Д.Д. Лавров, В.Н. Белослюдов туралы очерктері кірген. (13)
2000 жылы Шығыс Қазақстан мұрағатшылары Б.Г. Герасимовтың “Таңдамалы шығармаларының” факсимильді (қолжазбалық) басылымын әзірледі.
Станислав Евгеньевич Черныхтың көп салалы зерттеулері өлкетану ғылымын байытты. Ол жасаған мұрағат қоры көптеген зерттеушілер үшін олардың ғылыми жұмыстарының бастаушы нүктесі болып табылады. Сондай-ақ, бірде-бір Кенді Алтайдың өткенін шынайы зерттеуші осы ғажап тұлғаның еңбегіне сүйенусіз зерттеулер жүргізуі мүмкін емес.
Л.П.Рифель
ДЕРЕК КӨЗДЕРІ МЕН ӘДЕБИЕТ.
1. Н. Бельчиков Литературное источниковедение М., Наука, 1983 ж.
2. ШҚОММ, қ. 50.
3. ШҚОММ, қ. 50, т.2, іс 17.
4. Поминов П.Д. Архивная деятельность С.Е. Черных и проблемы современного литературного краеведения. /Станислав Евгеньевич Черных/. Ғылыми-практикалық конференция материалдары, Өскемен, 2005, 89 бет.
5. ШҚОММ, қ. 132, т.1, іс 55.
6. ШҚОММ, қ. 132, т.1, іс 25.
7. ШҚОММ, қ. 132, т.1, іс 134.
8. ШҚОММ, қ. 251, т.1, іс 79б, 79в.
9. ШҚОММ, қ. 50, т.1, іс 13.
10. ЖТҚО, қ. 248, т.2, іс 7, б.14 сырты.
11. ШҚОММ, қ. 50, т.1, іс 89, б.1.
12. ШҚОММ, қ. 1070, т.1, іс 11.
13. ШҚОММ, қ. 1070, т.1, іс 2,4.
«Мәдениет жаршысы», № 2 (31), 2008