Қай сайттың бөлімі сізге ерекше қызықты?

Ғылыми-әдістемелік базасы
Жеке қорлар
Құжаттар жинағы
Көсем сөз
Өлке тарихы
Мәліметтер базасы
Фотогалереясы
Архив опросов

Жарма ауданы

Аудан туралы

Жарма ауданында 22 әкімшілік-аумақтық бірлік, 83 елді мекен бар, оның 4-і ірі елді мекендер: аудан орталығы Қалбатау ауылы, Шар қаласы, Әуезов және Жаңғызтөбе кенттері.
Өлке табиғаты бай әрі алуан түрлі. Өзен-сулар, көгілдір жоталар, тау шатқалдары әсемдігімен көз тартады. Бұл өңір табиғи байлықтарға да кенде емес, мұнда алтын, қымбат бағалы және әрлеуші тастар, қара мәрмәр, әк тас қоры бар. Аудан аумағы арқылы мемлекеттік мәндегі теміржол желісі, Алматы – Лениногорск, Омбы – Майқапшағай автомобиль жолдары өтеді.

Жарма жері ертеден-ақ оңтүстік пен солтүстікті керуен жолдарымен байланыстырып жатыр. Бұл өлке саяхатшылар мен географтарды қатты қызықтырған, олардың көпшілігі жергілікті жердің табиғат көркі, тұрғылықты халықтың тұрмысы мен шаруашылық ерекшеліктері туралы мәліметтер қалдырған. Мәселен, бұл жерлерде Ш.Уәлиханов, П. Семенов-Тян-Шанский, Г.Потанин, В. Обручев, А. Янушкевич сияқты басқа да көптеген атақты ғалымдар мен зерттеушілер болған.

Ауданның тарихи және мәдени мұрасы ретінде 89 ескерткіш сақталған, олардың 54-і археологиялық, 7-і тарихи және 28-і мәдени. Олардың барлығы да мемлкеттік қорғауға алынған. Өлкенің тарихы мен мәдениетінің құжаттары және мұрағаттары аудандық тарихи-өлкетану мұражайында және 10 мектеп мұражайында жинақталған.

Жарма жері өзінің бай тарихын орынды мақтан етеді. Ел мен жерді қорғаудың өшпес үлгісін көрсеткен Еспенбет пен Боранбай би, Қонақай мен Нарбота, Қарақожа мен Жәнібек, Жалаңаш пен Бекжан, Ақтамберді, Итқара, Барақ және басқа да батырлар осында жоңғарлармен соғысқан. Жарма - әйгілі ақындар мен әншілер елі. Ақтайлақ би бастаған Сыбанның Байғара руынан 17 ақын шыққан. 19-шы және 20-шы ғасырларда есімдері өлкеден алыс жерлерге белгілі болған Әріп Тәңірбергенов, Сапарғали Әлімбетов, Төлеу Көбдіков, Қалихан Алтынбаевтың дәстүрлерін кейіннен Кеңесбек Қалиев, Дәмеш Омарбаева сынды ақындар жалғастырды.

Халық сталиндік репрессияның құрбандары болған Әзімбай Лекеров, Ыдырыс Мұстанбаев, Тұрлыхан Хасенов тәрізді жерлестерін, көрнекті қоғам қайраткерлерін, ағартушыларды еш уақытта ұмытпайды. Евразияның дәл орталығынан орынтепкен осынау кішкене ғана жердің көптеген тамаша таланттар сыйлау құдыретіне таңданбасқа болмайды. Кембридж Халықаралық өмірбаяндық орталығы «Планетаның көрнекті адамы» деп таныған атақты жазушы, белгілі қоғам қайраткері Әди Шәріпов немесе Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов сынды жерлестерімізді неге мақтан тұтпасқа. Талант пен атақ-даңқ жармалық әйелдерді де айналып өтпепті. Жұртшылыққа Қазақстанның халық жазушысы, ақын Тұрсынхан Әбдірахманованың, республикалық хор капелласының бірінші әйел-дирижері Гүлжазира Ахметованың, қазақ әйелдерінен шыққан бірінші биология ғылымдарының докторы, академик Нәйла Базанованың есімдері жақсы таныс. Ал, Роза Рымбаеваның кристалдай таза дауысы эстрададан естілгенде, бүкіл ел қалт етпей «Әлияны» тыңдады емес пе! Тентектеу өскен Шардың шалдуар ұлы Бари Алибасовтан есімі әлемге танымал продюсер шығады деп кім ойлаған.

Сұрапыл соғыс жылдарында жармалықтар Отан қорғаушылар сапында жауға қасқая қарсы тұрды. Тоғыз жармалыққа Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді: олар – Қ.Ысқақов, И.И.Варепа, И.М.Ландышев, Г.Д.Будник, П.Г.Карелин, Н.Е.Лут, П.И.Теряев, К.Шәкенов, В.А.Шулятиков. Ф.Әділбаев пен Н.И.Киселев Даңқ ордендерінің толық иегерлері атанды.

Көптеген жармалықтар халық шаруашылығының әр түрлі салаларындағы жемісті еңбегі үшін Отанның жоғары наградаларына ие болды. Балғабек Сүлейменов Социалистік Еңбек Ері атанса, Қабылқақ Сүтбаев пен Федор Васильевич Будник Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімдері болды. Асқар Темірханов пен Сағындық Қараханов, Манап Кәріпжанов пен Ахметхан Ботаханов – құрметті теміржолшылар; Жұбайхан Шекембаев – КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Қызырхан Ағымбаев – Қазақ КСР-і мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Жұмағазы Келденов, Ережеп Жұртбаев – ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкерлер атғына ие болды. Кәми Уәлиева мен Зағипа Ағайсенова КСРО Жоғары Кеңесінің детутаттығына сайланды.

Өлке спортшыларымен де даңқты. Қазақстандағы еркін күрестен тұңғыш спорт шебері, Қабден Байдосовтың, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Европа, Азия және әлем чемпионы, олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың есімдері кеңінен танымал.

Ауданда екі газет: "Рауан - Восход", "Шар тынысы - Шарский вестник" газеттері шығарылады. Бірнеше қоғамдық бірлестіктер жұмыс істейді: "Отан" республикалық саяси партиясының аудандық өкілдігі, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі, «Келешек – Будущее» (Шалабай селосы), «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің Жарма ауданындағы ұйымы», «Қарасу» бірлестікті дамыту қоғамдық қоры».

 
070004, ҚР, ШҚО Өскемен қаласы, Головков көшесі, 26/1
Сайт әкімгері: Бекниязқызы Жангуль. Copyright © 2010-2024
Рейтинг@Mail.ru