Ешкім де, ештеңеде ешқашан ұмытылмайды...
71- жыл...Ширек ғасырдан артық уақыт...бір адамның өмірі...алтын уақыт! Адамзат атаулының жанын жегідей жеп, тәніне жара салған, жүректерінде мәңгіге өшпес із қалдырған сұм соғыстың санамыздан көмескіленіп, тарих қойнауына кеткеніне тура 71 жыл. Қуаныш сыйлайтыны Жеңіс туының асқақ желбіреп тұрғанына, аналарымыздың алаңсыз ұйқысы мен сәбилеріміздің шат күлкісі орнаған бейбіт өмірімізге де осынша уақыт. Аталарымызбен апаларымыздың қасық қаны тамғанша жан аямай күресіп жеңіп алған Ұлы Жеңісі, бізге аманатталған бүгінгі ынтымағы жарасқан мамыражай бейбіт өмір қазақстандық боздақтардың ерен ерліктері мен аналарымыздың төккен қан мен терінің жемісі екені даусыз. Кешегімізге үңілмей болашағымызды жарқын ете алмасымыз белгілі. Осынау қанды қырғын, сұрапыл соғыста жеңіске жету үшін Шығыс Қазақстаннан 182 мың адам майданға аттанды. 96 мыңы қайтпаған. Қан майданда әскерлер алдыңғы шептерде қан төксе, тылда жан аямай еңкейген қарттан бастап, еңбектеген сәбиге дейін өз үлестерін қосты. Зұлмат соғыс - бүкіл халықтың басына төнген сонау нәубет жылдар бүгінгі жас ұрпақтың әрқайсысымен байланысты екені анық. Біреуіміздің атамыз, енді біреуіміздің әкеміз, ағамыз, бауырымыз, анамыз, апамыз, туысымыз... Жас өмірлерін оққа төсеп Отаны мен Елі үшін жандарын пида еткен боздақтардың қаншамасы біздің болашағымыз үшін, жарық та тыныш бүгініміз үшін, жер бетіндегі күллі тіршілік үшін жер жастанып кете барды. Қайтқаны тыл өміріне араласып мүгедек болып оралса да аянбастан тер төгіп еңбектенді. Осы күнде қалғандары саусақпен санарлық қана.
Мен де соғыс жайында кинолар мен есейе келе атамның аракідік айтатын әңгімелерінен ғана естіп білдім. Соғыстың бел ортасында шайқасып, қан кешкен, қандыкөйлек қаруластарының қалай жан қиғанын өз көздерімен көрген жаны таза, ақжарқын, әңгімешіл атамның сол жылдардағы басынан өткендері, қалай жараланғаны туралы әңгімелеуге көп зауқы соға бермейтін. Жүзіндегі сұс пен қабағындағы кірбіңге, басындағы снарядтан қалған жарықшақтың орнына қарап тартқан зардап іздерінің жанын жаралайтынын көріп қазбалай беруге бала – жүрегім дауаламайтын.
Атам Ұлы Отан соғысының ардагері Қонарбаев Мұхаметқали 1917 жылы Тарбағатай ауданына қарасты «Жетіарал» елді мекенінде дүниеге келген. Жанұяда шешесінен ерте қалып, Рахимаш атты апайымен және әкесімен артельде бұғанасы қатпастан еңбекке араласқан. Сауат ашу мектебінде 3-ші класты оқып бітірген. Оқуға зерек болғанымен ауру әкесін асырап жан бағу үшін жұмыс істеп, білім алуын жалғастыра алмаған. Бозбалалық шағы 1932 жылғы нәубет «ашаршылыққа» тап келіп, әкесінен айырылған. Тігерге тұяқ қалмағанда аң-құсқа тұзақ құрып, аң аулап өзінің күш-жігерінің арқасында аман қалады. Ел есін жиып колхозға біріккенде «Завет Ильича» колхозының іргетасын қаласады. 1942 жылы қаңтар айында соғысқа аттанады. Сталинградтан Берлинге дейінгі жойқын жорық жолын жүріп өткен атам шайқаста ауыр жараланып, госпитальда Казань қаласында ұзақ жатып емделгенін, соғыстан соң 1 жыл Совет Армиясына қызмет етіп, 1946 жылы туған ауылына Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жетіарал совхозының Асусай фермасына оралғанын, денсаулығым жоқ, соғыстан келдім деместен тапсырылған жұмысқа белсене араласып апам Абилбаширова Мүгілсім (редакцияда корректор болып істеп жүрген) екеуі мал шаруашылығын өркендетуге атсалысқанын, еңбектері зейнетсіз болмай «Еңбек қызыл ту» орденімен, «еңбек ардагері» медальдарымен марапатталғанын алғаш рет мектепте өткен оқушылармен кездесуіндегі ашық әңгімесінен естігенде атамның нағыз батыр бейнесіне, алқымы толы орден-медальдарына сүйсіне қарап отырған қатарластарымның алдында мақтаныш сезімі бойымды кернегенін жасыра алмағаным есімде. Атам өзі жайлы емес қаруластарының, командирінің ерлігін қызықты етіп әңгімелегенде жүзі жадырап нұрланып кететін. Көз алдымызға: қырғын соғыс, қарша бораған оқ, қыршын жас өмірін, жанын қиып Отанымыздың әр қадамы үшін баудай қиылып жатқан есіл ерлер... елестейтін еді. Сұм соғыстан алған жарақатының салдарынан ауыр науқаспен 7 жыл арпалысып, 73 жасында 1991 жылы Жеңіс күні қарсаңында атам мәңгілікке көз жұмды.
Осылайша өмірден жылдан жылға қатары кеміп санаулысы қалған тірі тарих - шежірелер өткен күн беттеріне айналып бара жатқаны көңілге қаяу ұялатады.
Төрт жыл, 1418 тәулік жан беріп, жанталасқан тәуелсіз өмір жолында құрбан болған, балалығы мен бақытын соғыс тонаған Батыр ұрпақ өкілдері дәріптеп, дәлелдеп кеткен жұмылған жұдырықтай бірлік, бауырмалдық, отансүйгіштік қасиеттері өскелең ұрпақтың санасында гүлдеп тамырланса – Тәуелсіз Қазақстандағы бақытты ұрпақ Отандарын сүйген, намыстарын жігерлері жаныған, бодандық өмірден ерлік өлімді артық санаған қайсар жандарға қаншалықты қарыздар екенін түсінер еді... Ерлік еленбеуі мүмкін емес! Мен істейтін Шығыс Қазақстан облыстық мұрағатында 1964 жылы мұрағат қызметкерлерінің бастауымен арнайы жинақталған сақталудағы құнды құжаттар мен деректер жиынтығы «Шығыс Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген атпен құрылған, 753-ші, 237-ші, 224-ші, 382-ші қорлар бар, әлі де жылдан-жылға толыға түсуде. Мұрағатымызға ардагерлердің құжаттарын, естеліктерін, ұмытылып бара жатқан, немесе аты аталмай кеткен «белгісіздер» қатарындағылар туралы мәліметтер әкеліп өткізем деушілерді шақырамыз. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өмірі мен естеліктерінің зор маңызын түсінген жас өрен, аға буын алдында алтын көпір-байланыс болып, қызмет етуге мұрағат қызметкерлері қашан да дайын. Жыл сайын мұрағат қызметкерлері ұйымдастыратын осы тақырыптағы көрмелердің, конференциялардың, т.б. іс-шаралардың берер тағылымы зор.» Жақында «құжаттардың ғылыми анықтамалық аппараты, оларды жариялау және ғылыми пайдалану бөлімі ұйымдастырған «Күш салып бұл күнді жақындаттық» атты фотоқұжаттық көрме келушілерге есігін айқара ашты.
АРДАҚТЫ да АЯУЛЫ Ұлы Отан соғысының ардагерлерін және ұрпақтарын ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІМЕН мұрағат ұжымының атынан және ардагердің ұрпағы ретінде құттықтаймын. Бейбіт күн мен мамыражай өміріміз ынтымақ пен бірлікке толы болғай!
Естелік Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты
«Құжаттардың ғылыми анықтамалық аппараты,
оларды жариялау және ғылыми пайдалану»
бөлімі қызметкерінің Төлегенова Эльвира Төлегенқызы сөзінен