Қай сайттың бөлімі сізге ерекше қызықты?

Ғылыми-әдістемелік базасы
Жеке қорлар
Құжаттар жинағы
Көсем сөз
Өлке тарихы
Мәліметтер базасы
Фотогалереясы
Архив опросов

ШҚОМА-нің ж/қ бойынша Өскемен филиалы

Iздеу

Алаш ту аясында...

Тарихты халық жасағанымен, қоғамның тарихи даму заңдылықтарын реттеп отыратын заңдар мен құқықтық құжаттарды, саяси-құқықтық доктриналарды нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі.

Қазақ жері екі ғасырдан астам РЕСЕЙ САМОДЕРЖАВОСЫНЫҢ қол астында болған жылдарда, қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, көк түрік дәуірінен бастап бірегей саяси тарихы бар халық, түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені, біздерге тарихтан белгілі.

Қазақ қоғамының осы бір қасіретін - халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына шақырды. Бұған себеп болған - Ресейдегі 1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі, күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік берді. Патша үкіметінің тақтан құлауы - саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. 1917 жылдың сәуір-мамырайларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ съездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді. Қазақ съездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті. 1917жылы Қазақ съездері Орынбор, Орал, Семей, Омбы т.б. қалаларында болды. Саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Әлимхан Ермеков, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Райымжан Марсеков және т.б. болатын. Олар патша самодержавасының қазақ халқына саяси-сезімін қалыптастыруға, оның саяси күреске ұласуына, барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.

Алғашқы жалпықазақ съезін өткізу үшін «Қазақ» газетін жасау мәселесін ұсынып, оған мынадай негіз келтірді: «Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары бағдарламаларында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса бағдарламасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия құрылмағанша болмайды». Бұл жерде айтып кету керек - Қазақ газетінің негізін калаушылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Букейханов, Міржақып Дулатов. Ахмет Байтурсынов айтқан сөзімен «Газет – халықтың көзі, кұлағы һам тілі».

1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы мәселесін қарап, мынадай шешім қабылдайды: “Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болып құрылуына, бұл партияның жобасын жасауды, съезд, “Шора-и исламға” сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізі демократиялық федеративтік парламенттік республикаға құрылмақ...”. Съездің соңғы күні жаңа қалыптаса бастаған партияның басшысы Әлихан Бөкейханов россиялық кадеттер партиясынан мүшеліктен шығатынын және оның себептерін мәлімдеді. Партияның ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді.

Ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы, қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1866 ж. наурыздың 5 бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында туған. Бұл қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы бұрынғы Қаратал кеңшарының жеріне қарасты.

1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Әлихан  Бөкейханов қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бірақ 1926 ж. екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі, оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамыз айында қайта тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі. 1989 жылы мамырдың 14 КСРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, ақталды.

“Қазақ” газеті (1917, №244) өзінің бас мақаласында партияны “Алаш” атап, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауды ұсынды. Сонымен, бір мезгілде, “Қазақ” басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын “Алаш” қою туралы жеделхаттар жіберілді.

Сонымен, 1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылды, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезі өтеді.

Осы съезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да, біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп өз ойын білдіреді . Жаһаншаның жалынды сөзінде мемлекеттің саяси құрылысы мен оның мемлекеттік тілі, оның қолдану аясы ашық түрде айқын айтылғанын біздер ұғынуымыз керек.

XX ғасырдың басындағы алаш ардақтылары халықты ұлтаралық бірлікке шақырды, олар ұлтшылдықты арқау еткен жоқ, керісінше ұлтын сүйген ұлтжанды азаматтар екенін танытты.

1917 жылы «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және съез материалдары жарияланды. «АЛАШ» ПАРТИЯСЫ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖОБАСЫ

1.Мемлекет қалпы                                  6.Ел қорғау

2.Жергілікті бостандық                         7.Салық

3.Негізгі хұқық                                       8. Жұмысшылар

4.Дін ісі                                                   9. Ғылым-білім үйрету

5.Билік һәм сот                                       10. Жер мәселесі

 

Жоба жасаушылар: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдулхамид Жүндібаев, Ғалымбек Бірімжанов.

Осы съезде Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатов баяндама жасады: қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру керектігін тілге тиек етті, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатынды, жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.

Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған.

1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де, РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады.

Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» - десе ,

Күнбатыс Алашордасының идеологы боп саналған Ғұмар Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деген.

Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірді айтқан.

Алаш партиясының құрылуы қазақ халқы өміріндегі елеулі оқиға болды, өйткені ол тұңғыш ұлттық саяси ұйым еді. Алаш  халықтың келешек тағдырын анықтауға тікелей қатынасы бар жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойып, оларды шешу жолында айтарлықтай қызмет атқарды. «Алаштың» басты мақсаты – қазақ қоғамын бірте – бірте өзгертіп, заманға бейімдеу еді. Бұл біздің жедел жаңғыру, яғни модернизация бағытымызға да сай келеді....Алаш арыстары бізге мемлекеттік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті....Алаштың асыл аманаты бізге тарихи- мәдени бірегейлігімізді, қазақы қалпымызды қасиеттеп сақтауға міндеттейді. Алаштың асыл аманаты бізді ауызбірлігімізды күшейтуге шақырады.

Ұлттың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынов, Ленинге жазған хатында «Қазақ зиялыларының белгілі бір бөлігі бар. Оларға халық сенеді! Олар қателесуі мен адасуы да мүмкін, Бірақ олар қүлқы мен жеке пайдасы үшін, халқын ешқашан сатпайды!....»

Елі мен жері үшін күрескен Алаш азаматтары Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлимхан Ермеков, Мағжан Жұмабаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар, Раимжан Мәрсеков, Мухамеджан Тынышпаев.

 

Ұлтым дегені үшін, ұлтшыл атанған. Осы бір топ қазақ зиялылары Қенес үкметінің жарлығымен абақтыға қамалып, ату жазасына кесілген.

Ешкім де үмытылмайды, еш нәрсе де үмытілып қалмайды! Бұл бәріміз үшін Қазақ тарихындағы өте ауыр, әрі қасіретті күндер болып қала береді.

 
070004, ҚР, ШҚО Өскемен қаласы, Головков көшесі, 26/1
Сайт әкімгері: Бекниязқызы Жангуль. Copyright © 2010-2024
Рейтинг@Mail.ru